ещё
свернуть
Все статьи номера
№12, 2016
Нөмір тақырыбы

Веб-порталда мемлекеттік сатып алу туралы заңнаманы қолдану 2-ші бөлім

Қосымша келісім жасау

Портал функциясы мен мемлекеттік сатып алу туралы заңнамадағы сәйкессіздіктің тағы бір мысалы ҚҚС-қа қатысты.

Жыл басынан бері көптеген тапсырыс берушілер «ҚҚС төлеуші және төлемеуші» белгісін есепке алмастан, шарт жобасын жасауда қателіктерге жол берді. Нәтижесінде осы салықты «төлеушілер» үшін ҚҚС сомасы есепке алынбаған немесе керісінше, «төлемеушілер» үшін ҚҚС заңсыз түрде қосылған шарттар жасалды.


Таяудан бері порталға қосымша функция («Мемлекеттік сатып алу туралы» заңда көзделмеген) – «ҚҚС бойынша өнім берушіні есепке қою және есептен шығаруға байланысты шарт сомасының өзгеруі» негіздемесі бойынша қосымша келісім жасау енгізілді.

Бұл функция не үшін қолданылады?

Әрине, жоғарыда айтылған қателікті түзету үшін. Яғни өнім берушінің он екі пайыздық үстемақыға барлық заңдық негіздемесі бар, ал шарт бұл белгіні көрсетпестен жасалды. Бұл жағдайда, аталған функцияның негізі бар.

Егер өнім беруші ҚҚС төлеуші болып табылмаса немесе ҚҚС бойынша есептен шығарылса, шарт сомасын азайту үшін. Бұның да негізі бар, өйткені тапсырыс берушінің артық төлеген сомасы – бұл айтарлықтай қаржылық бұзушылық болып табылады.

Өнім берушінің шартты орындау кезеңінде ҚҚС бойынша есепке алынғанына байланысты шарт сомасын ұлғайту үшін.

Бұл бөлімде порталдың осы функциясы жайлы сөз қозғалады.

Тапсырыс беруші өнім берушіге ҚҚС сомасын қосымша төлеуге тиіс пе? Бұл сұраққа кез келген экономист немесе бухгалтер мақұлдап жауап береді: әрине, тиіс! Алайда бәрі біз ойлағандай оңай емес.

Егер шарт жасалған сәтте өнім беруші ҚҚС төлеуші болып табылса, онда тапсырыс беруші шарт сомасының 12%-ын төлеуге міндетті, бұл тіпті талқылауға жатпайды.

Сөз ҚҚС төлеуші болып табылмайтын өнім берушімен жасасқан шарттар туралы болып отыр. Мәселен, қызмет көрсету шарты 2016 жылдың сәуірінде жасалды. Шартты орындау мерзімі – 2016 жылдың желтоқсанына дейін. 2016 жылдың 1 қыркүйегінен бастап өнім беруші ҚҚС бойынша есепке тұрғызылды. Осы сәттен бастап бұл өнім беруші тапсырыс берушіден қосымша келісім жасауды және шарттың орындалмаған сомасын ҚҚС сомасына ұлғайтуды талап етеді.

Порталдың жаңа функциясын, сондай-ақ Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларында бекітілмеген қосымша келісімнің үлгісін қолдана отырып, тапсырыс берушілер ҚҚС бойынша есепке алуға байланысты шарт сомасын ұлғайтуға қосымша келісімдер жасайды. Порталдың нұсқаулығында мыналар айтылған: «Ішінара ҚҚС салу. Егер шарттың мәні бойынша ҚҚС-қа барлық сома салынбай, бірқатар бөлігі ғана салынса, осы функционалды қолдану керек. Бұл жағдайда шарт сомасы қайта есептеледі.

Мұндай қосымша келісім мынадай негіздемелер бойынша заңсыз болып табылады:

«Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңда, Салық кодексінде-де өнім беруші ҚҚС төлеушісі болған кезде тапсырыс берушінің шарт сомасын ұлғайтуға қатысты қолданыстағы шартқа өзгерістер енгізуге тиіс екендігі туралы тікелей сілтеме жоқ.


«Мемлекеттік сатып алу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 43-бабының 21-тармағына сәйкес, мемлекеттік сатып алу туралы шарт Қазақстан Республикасы салық заңнамасының, Кеден одағы кеден заңнамасының және (немесе) Қазақстан Республикасы кеден заңнамасының талаптарына сәйкес қосылған құн салығын және акциздерді төлеу талаптарын қамтуға тиіс. Шарт жасалған кезде өнім беруші ҚҚС төлеуші емес болатын, сондықтан шартта ҚҚС сомасы қойылмаған.

«Мемлекеттік сатып алу туралы» ҚР Заңының 45-бабының 2-тармағында бірлігі үшін бағаның өзгермеуі талабымен сатып алынатын тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің көлеміндегі қажеттіліктің тек ұлғаюына байланысты шарттың сомасын ұлғайту жағдайлары көзделген.

«Мемлекеттік сатып алу туралы» ҚР Заңының 45-бабының 3-тармағына сәйкес, осы баптың 2-тармағында көзделмеген өзге-де негіздер бойынша, мемлекеттік сатып алу туралы жасалған шартқа өзгерістер енгізуге жол берілмейді.

Мұндай жағдайларда тапсырыс берушінің ҚҚС-тың ішінара сомасына қосымша келісім жасауға құқығы жоқ.

Әрине, өнім берушінің заңдық мүдделерін-де есепке алу керек. Осылайша, ҚР Салық кодексінің 268-бабының 1-тармағына сәйкес, тауарлар мен көрсетілетін қызметтерді жүзеге асыру жөніндегі айналым 12 пайыздық мөлшерлеме бойынша қосымша құн салығын салуға жатады. Яғни егер өнім беруші ҚҚС төлеуші атанса, онда ол бұл салықты төлеуге міндетті. Бұл салықты төлемеу өнім берушіні айтарлықтай жағымсыз зардаптарға ұшыратады.

«Мемлекеттік сатып алу туралы» ҚР Заңында шарттың қолданыстағы кезеңінде ҚҚС есебінен шарт сомасын ұлғайту жағдайлары көзделмегендіктен; Азаматтық және Кәсіпкерлік кодекстерге сәйкес кәсіпкерлер өз қызметін өзіндік тәуекелге бел буа отырып жүзеге асыратындықтан, ал Порталда ішінара ҚҚС сомасына қолданыстағы шартты өзгерту көзделгендіктен, қарама-қайшылық туындады. Әлбетте, Порталда ҚҚС бөлігіне қосымша келісім жасау функциясы әзірлеушілердің «іскерлік айналыс әдетін» қолдануы нәтижесінде, яғни «барлығы да солай істейді» ұстанымы бойынша туындады. Алайда мемлекеттік сатып алу жүйесі қатаң түрде регламенттелген құқықтық өрісте өмір сүреді, Порталдағы әрбір болуы мүмкін әрекеттің заңдық негіздемесі болуға тиіс. Егер мемлекеттік сатып алу саласынан тыс жерде азаматтық-құқықтық мәміле үшін мұндай қосымша келісімдер жасасу мүмкін болса, мемлекеттік сатып алу саласында бұған жол берілмейді.


Егер тапсырыс беруші ҚҚС төлесе, онда өнім берушінің мүддесі қорғалады, бірақ тапсырыс берушіге қатысты қаржылық бақылау органдары мен прокуратура тарапынан шарт сомасын заңсыз ұлғайту мен мемлекеттік сатып алу туралы заңнаманы бұзғаны үшін жаза қолданылуы мүмкін. Егер қосымша келісім жасалмаса, онда салық органдары тарапынан өнім беруші қысым көреді немесе ол осы шарт бойынша жеке қаржысынан ҚҚС-ты қалпына келтіруге тиіс.

Шығу жолы қандай:

Шарттың қолданылу кезеңінде пайда болған ҚҚС сомасына жасалған қосымша келісімді заңдастыру үшін, «Мемлекеттік сатып алу туралы» ҚР Заңының 45-бабының 2-тармағына өзгерістер енгізу қажет. Кез келген ресми органның кез келген түсінік хаты Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық базасының бөлігі болып табылмайтынын түсінген абзал. Егер мұндай хатта жасалған қорытындылар қолданыстағы заңға қайшы келсе, онда мұндай хат заңсыз болып табылады.

Егер Заңға өзгеріс енгізілмесе, онда өнім беруші мұндай жағдайлар туындағанда шығынға ұшырау қаупіне жолығады. Мұндай жағдайда ішінара ҚҚС-қа қосымша келісім жасауға қатысты Порталдағы функционал қайта өңделеді.

Веб-портал арқылы шарттарды бұзу 

2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап Заңда мемлекеттік сатып алу туралы шартты біржақты бұзу көзделген. Заңның 12-бабы 4-тармағының 1) тармақшасына сәйкес тапсырыс берушілер шарттарды орындалуы барысында өнім берушінің біліктілік талаптары мен конкурстық құжаттаманың (аукциондық құжаттаманың) талаптарына сәйкес келмейтіндігі немесе өзінің осындай талаптарға сәйкестігі туралы анық емес, ақпарат бергені, соның нәтижелері бойынша осындай шарт жасалып, оның конкурс (аукцион) жеңімпазы болуына мүмкіндік бергені анықталған жағдайларда бұзады.

Қалған жағдайларда мемлекеттік сатып алу туралы шартты біржақты тәртіппен бұзуға жол берілмейді.

Азаматтық кодекстің нормаларына сәйкес, шарттар тек қана тараптардың келісімі немесе сот шешімі бойынша бұзылады. Алайда егер Порталда шартты бұзу функционалын қарап, тапсырыс берушінің нұсқаулығын мұқиятпен оқыса, тапсырыс берушілердің кез келген себеп бойынша шартты бұзуға мүмкіндігі бар екенін көруге болады. Осылайша, Нұсқаулықта былай жазылған:

2.20.1. Шартты біржақты бұзу 

Қолданыстағы шартты біржақты тәртіппен бұзу үшін Тапсырыс беруші шартты мерзімінен бұрын тоқтатуды орындау керек. Ол үшін тоқтатуы жоспарланып отырған Шартты таңдау керек, бұл ретте шарттың мәртебесі «Қолданыста» болуға тиіс, әрі қарай «Шарт жасасуды жою/тоқтату» қосымшасына өтіп, ондағы менюден шартты мерзімінен бұрын тоқтатудың себебін таңдау талап етіледі, мәтіндік өрісте бұзу себебіне байланысты сіздің пікіріңізді көрсету және «Шартты жою/Тоқтату» батырмасын басу талап етіледі. Шарт жасасуды жою немесе мерзімінен бұрын тоқтату рәсімін орындағаннан кейін шарт мәртебесі «Тоқтату» болып өзгертіледі.


Осылайша, тапсырыс беруші өз шешімін жазбаша түрде негіздесе жеткілікті, шарт біржақты тәртіппен бұзылады. Сонымен бірге, әлбетте, шарт міндеттемелерін лайықсыз орындаған (немесе орындамаған) кезде, тапсырыс беруші тараптардың екі жақты келісімі бойынша немесе сот тәртібімен шартты бұзуды ынтагерлікпен өзгертуге міндетті.

Шартты бұзудың басқа негіздемелері арасында мынадай негіздемелер-де бар, атап айтқанда: заңды тұлғаны тарату, азаматтың қайтыс болуы, заңды тұлға қызметінің тоқтатылуы, өнім берушінің шартты қамтамасыз етуді енгізбеуі, уәкілетті органның Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасын бұза отырып, мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасасу фактісін анықтауы және тағы басқа. Бұл ретте «Мемлекеттік сатып алу туралы» ҚР Заңының 43-бабының 19-тармағына сәйкес, мемлекеттiк сатып алу туралы Шарт мынадай фактілердің бірі анықталған:

1) осы Заңның 6-бабында көзделген шектеулер бұзылған;

2) мемлекеттiк сатып алуды ұйымдастырушы әлеуетті өнім берушіге осы Заңда көзделмеген жәрдем көрсеткен;

3) міндеттемелері тиісінше орындалған мемлекеттік сатып алу туралы шарттарды қоспағанда, уәкілетті орган Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасын бұза отырып, мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасасу фактiсін анықтаған;

4) мемлекеттік сатып алу туралы шарттың орындалуын қамтамасыз етуді және (немесе) осы Заңның 26-бабына сәйкес соманы енгізбеу жолымен мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасасудан жалтарған жағдайда, оны кез келген кезеңде бұзу туралы талапты қамтуға тиiс.

Яғни 43-баптың 19-тармағында іс жүзінде шартты бұзудың барлық жағдайлары қамтылған. Алайда: «мемлекеттiк сатып алу туралы Шарт мынадай фактілердің бірі анықталған жағдайда кез келген кезеңде бұзу туралы талапты қамтуға тиiс…" деген фраза оны автоматты түрде біржақты тәртіппен бұзу дегенді білдірмейді. Аталған жағдайда бұл тапсырыс берушінің құқығы емес, оның міндеті – шартты заңда көзделген тәртіппен бұзуға бастамашылық ету, атап айтқанда: өнім берушімен шартты бұзу туралы қосымша келісім жасасу немесе шағымдық ресімді өткізе отырып, сотқа талап арыз жіберу.

Шығу жолы:

Порталда бұзу себебі туралы пікір көрсетілетін мәтіндік өрісті ғана емес, барлық жағдайлардағы растаушы құжаттың электрондық көшірмесін міндетті түрде тіркеуді ескеру керек.

Қорытынды.

Барлық айтылғандарды жинақтай келе, порталдың жекелеген функцияларын тиісті заңдық сараптамасыз белгілей отырып, факт бойынша «Мемлекеттік сатып алу туралы» ҚР Заңы мен Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларының жекелеген нормаларын бұрмалау орын алатыны жөнінде қорытынды жасауға болады, бұған жол беруге болмайтыны онсыз да түсінікті.

Әлбетте, мұндай аяқталмаған істер Портал бағдарламасына «төселу» кезеңінде заңды әрі негізді, алайда оларды тез арада жою өте маңызды. Мемлекеттік сатып алуға қатысушылардың бәрі бірдей мұндай қателер мен істеліп бітпеген істерге сыни тұрғыда қарамайды, оларды мемлекеттік сатып алу саласындағы ресми органның дұрыс әрі тиісті тәртібі ретінде қабылдайды. Бірқатар «түйіспейтін» жерлер мен қайшылықтарға назар аударатын қатысушылар Порталдың техникалық қолдауы тарапынан түсінік таба алмайды.

Бұл проблемаларды шешу үшін қолданушылардың Портал әзірлеушілерімен кері байланысын қолжетімді етудің маңызы өте зор. Порталдың техникалық қолдауымен қолданыстағы байланыс бұл функцияны атқара алмайды, өйткені туындаған заңдық қайшылықтарға бұл қызметтің операторлары жауап бермейді, олар өздерінде мұндай өкілеттіктің жоқ екеніне сілтейді.

«Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңда ресми мәлімделген бірқатар қағидаларды еске түсірудің уақыты келді:

  • мемлекеттік сатып алуды өткізу рәсіміне қатысу үшін әлеуетті өнім берушілерге бірдей мүмкіндіктер беру;
  • әлеуетті өнім берушілер арасындағы адал бәсекелестік;
  • мемлекеттік сатып алу процесінің ашықтығы мен айқындығы;
  • мемлекеттік сатып алуға қатысушылардың жауапкершілігі;
  • сыбайлас жемқорлықтың бас көтеруіне жол бермеу.

Сондай-ақ «Мемлекеттік қызмет туралы» ҚР Заңының қағидаларының бірі – мемлекеттік қызметшілердің құқықтық қорғалуы.

Әзірлеушілер мен қолданушылардың бірлескен күшінің нәтижесінде Порталдағы мемлекеттік сатып алу функционалдары белгіленген қағидаларға лайық болады деп сенемін.

М. П. Бурковская